
|
21 қазан күні Семей мемлекеттік педагогикалық институтының бас ғимаратында Қайым Мұхамедханұлының 95 жылдығына арналған «Қайым Мұхамедханов және абайтану мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясы төмендегідей бағыттарда өтті.
1. Абайтанудың бүгіні мен болашағы;
2. Қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясының мәселелері;
3. Қазақ әдеби тілінің өзекті мәселелері;
4. Филологиялық пәндерді оқытудағы әлемдік озық технологиялық үрдістер;
5. Қазақ тілі мен әдебиетін өзге тілді аудиториялар мен сыныптарда оқытудың өзекті мәселелері.
Конференцияға барлығы 150-ден астам ғылыми баяндама ұсынылды.
Конференцияға республикамыздың түкпір-түкпірінен көптеген ғалымдар өздерінің абайтану, шәкәрімтану, мұхтартану және жалпы қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясына, әдістемесіне арналған ғылыми мақалаларын ұсынды. Сондай-ақ, конференцияға Астана, Алматы, Талдықорған, Өскемен, Семей қалаларының ғалымдары мен Аягөз, Абай, Бесқарағай, Жарма, Тарбағатай ауданының мектеп мұғалімдері белсене ат салысты.
Конференцияда Қ.Мұхамедхановтың абайтанушы ретіндегі еңбектері сараланып, қазақ әдебиетінде абайдың ақындық мектебі ғылыми концепциясын қалыптастырудағы еңбегі жайында айтылды. Сондай-ақ, конференция барысында Қ.Мұхамедханұлының ғұмырбаянына қатысты мұрағат деректері қарастырылып, ғалымның Абайдың мұрасының мәтінтану мәселелеріне байланысты ойлары ортаға салынды.
Қ.Мұхамедханов еңбектері болашақта «Қ. Мұхамедхановтану» таңдау курсының негізгі зерттеу нысаны болатынына осы конференция барысында анықталды.
Қайым Мұхамедханұлының 95 жылдығына арналған «Қайым Мұхамедханов және абайтану мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясы ғалымның болашақта өтетін 100 жылдық мерейтойына дайындық деп есептеуге болады. Себебі, ғалымның үйіне қойылған ескерткіш тақтаның белгісіз себептермен бүлінуіне байланысты қайтадан қалпына келтірілді. Бұған Семей мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Ғ.Ескендіров тікелей ықпал етті.
Қайым Мұхамедханұлының 95 жылдығына арналған «Қайым Мұхамедханов және абайтану мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясы нәтижесінде төмендегідей қорытындылар жасалды:
1. Қ.Мұхамедханұлының абайтану мәселелеріне байланысты ғылыми еңбектерін зерттеу нысанына айналдыру;
2. Қ.Мұхамедханұлының әдеби шығармалары мен аудармаларын зерттеп, ғылыми айналымға түсіру;
3. Қ.Мұхамедханұлының шығармашылық ғұмырбаянына арналған «Қайым Мұхамедхановтану» таңдау курсының ғылыми негізін қалыптастырып, республика деңгейіне таныстыру;
4. Ғалым атындағы дәрісхананы жаңа технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықтау.
5. Қ.Мұхамедханұлының атына Семей қаласындағы орталық көшелердің бірін беру туралы мәселе көтеру.
Қорытынды қарар:
Семей мемлекеттік педагогикалық институтының ғылыми кеңесінде «Қайым Мұхамедханов және абайтану мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясының қорытынды ұсыныстары талқыланып, республика бойынша тарату үшін ҚР Білім және ғылым министрлігі ЖОО білім департаменті мәжілісіне талқылануға жіберілсін.
Қайым Мұхамедханұлының 95 жылдығына арналған «Қайым Мұхамедханов және абайтану мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясы қарары бір ауыздан қабылданды
|