
|
Қазан айының алтыншы жұлдызында Семей қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Ашық аспан астындағы алау жыр» атты аймақтық айтыс өтті. Қазақстанның әр аймағынан келген арынды ақындар Семей халқын жалынды жырға бөледі. Семей полигонының жабылуына 20 жылдық тақырыбын арқау еткен ақындар полигон зардабын, халыққа тигізген кесапаты, жан түршігерлік жағдайларды тілге тиек етті. Ақындар осы тақырыппен ғана шектеліп қалмай, қоғамдағы сан қырлы тақырыптарға тоқталды. Айтыскерлер талантына тамсанған халық, ақындарға қолдау көрсетіп, шабыт беріп отырды. Таңдайынан тамылжыта жыр төккен ақындар жүзден жүйрік өрен екендіктерін байқатты.
Қазылар алқасының шешімі бойынша институтымыздың Қазақ филологиясы факультетінің 2 курс студенті ДӘУЛЕТ ЕРЛАН – 2 орын, АҚБАБАҰЛЫ АРДАБЕК, САТЫБАЛДИН МАНАРБЕК, МАҚАЕВ ЖАСУЛАН – 3 орынды иеленді.
Аламанда тайсалмай топқа түскен ақындарымызға шалқар шабыт, өлең өлкесінде тек қана биік шыңға жетулеріне тілектеспіз.
|