
|
Қазақ футболының 100 жылдығы қарсаңында, оның Отаны болып саналатын Семей қаласы осы тарихи датаны жаңа жеңістермен қарсы алатыны хақ. Қазақстанның Ертіс өңіріндегі футболдың жарқын болашағына деген сенім отын көңілге ұялатуда, Семей мемлекеттік педагогикалық институтының бастамасымен Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы Самат Смақовтың есімі берілген, жасөспірімдер үшін арнайы футбол мектебінің ашылуы ерекше болды. Алғашқы ашылған күннен-ақ мектепке жерлесіміз, танымал спорт саңлағы Самат Смақовтың бүгінгі ізбасарлары он жасқа дейінгі бүлдіршіндер келіп дайындалуда.
Ертіс жағасындағы ежелгі қалаға, айрықша осы мәнді оқиғаны атап өтуге Қазақстан футболының майталмандары Сергей Волгин, Вахид Масудов, Фанас Салимовтардың келуі және олардың Семей мемлекеттік педагогикалық институтының спорт кешеніндегі жабық футбол алаңына шығып, жасөспірімдерге қолдау көрсетулері Семей, қала берді Шығыс Қазақстан жұртшылығын елең еткізген оқиға болды. Отандық футболдың ардагерлері ішінде, бүгіндері ойыншылары Астана қаласында тұратын «Семей» командасы бар, үш командамен кездесті. Солардың ішінде «Семей» футболшыларымен олардың достық кездесулері көрермендерге естен кетпестей әсер қалдырды.
Футбол - командалық ойындарға жатады. Ол адамнан техникалық шеберлікті, шыдамдлықты, тәртіпті талап етеді. Бұл ойын адамның бойындағы ұжымдық-ынтымақ сияқты тамаша қасиетті де дамытады. Бір сөзбен айтқанда бұл - нағыз ерлер ойнайтын, адамның машығын және логикасын қажет ететін интеллектуалды ойындарға жатады.
Семей мемлекеттік педагогикалық институтының осы тамаша бастамасының болашақпен байланысты екендігінде сөз жоқ. Күн тәртібіне баланы былғары допқа бейімдеуді жасынан қолға алу мәселесі қойылып отыр. Бұл бүгінгі күннің жетістіктерімен шектелмей, келер күндерді де ойлау деген сөз. Сонымен бірге мұның қоғамның алға қойып отырған, жан-жақты жетілген тұлғаны қалыптастыру мақсатына да сай келетіні аян. Ашылып отырған футбол мектебінің директоры, кезінде Қазақстан Олимпиада құрама командасының мүшесі болған Андрей Орловтың сөзімен айтқанда: «Жасөспірімдердің арманы орындалды! Енді балалар өздерінің сүйікті ойынын ойнай алатын болды».
Семей мемлекеттік педагогикалық институтыны балалар үшін болашағы зор бастаманы көтерді. Себебі, шоғы сөніп бара жатқан Семей футболын қайтадан лаулату күн тәртібіне қойылды.
Футбол мектебінде оқу ақысыз, оны қаржыландыруды Самат Смақов және Семей мемлекеттік педагогикалық институты қамтамассыз етпек. Ашылу салтанатына келген қала әкімі Айбек Каримов үлкен толғаныс үстінде тұрып: «Құрметті жастар, көрермендер, спортшылар және жанкүйерлер! футболдың негізі жас жеткіншектерде, ашылып отырған футбол мектебі Семейдің болашақ футболының негізі қаланды деп ойлаймыз. Семей қазақстан футболының отаны, үлкен іс-шараны жасап отырған Семей мемлекеттік педагогикалық институт басшылығына рахметімізді білдіреміз»-деді және әкімшілік атынан «Газель» машинасын сыйлады.

|