
|
2011 жылдың 5 желтоқсанында Семей мемлекеттік педагогикалық институтында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ҒЫЛЫМ КҮНІ аталып өтілді. Бекітілген бағдарлама негізінде күннің бірінші жартысында институттың 6 факультетінде Қазақстан Республикасының 20 жыл тәуелсіздігіндегі ғылымдағы жетістіктері бойынша факультет жетекшілері мен кафедра меңгерушілері баяндамаларымен сөз сөйледі, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған дөңгелек үстелдер, жетекші ғалымдар мен жаңашыл педагогтармен кездесулер өтіп, конкурстар мен көрмелер ұйымдастырылды.
Күннің екінші жартысында институттық Ғылым Күнін мейрамдау бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен өткізілген пресс-конференцияға оқытушылар, магистранттар мен студенттердің белсене қатысуымен басталып, институттың акт залында жалғасын тапты. Пресс-конференцияда Тәуелсіздігіміздің мерейтойлық жылы қазақстандық ғылымның жаңа кезеңінің бастауы екендігі аталып өтілді. Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылдың 18 ақпанында қол қойған «Ғылым туралы» Заң талқыланды, ол қазіргі заман экономикасы мен қоғам талаптарына сай жаңа ұлттық ғылыми жүйені құрудың жаңартылған құқықтық негізін анықтайды.
Салтанатты жиналыста Семей мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Ғ. Ескендіров профессорлық оқытушылық құрам, магистранттар мен студенттердің алдындағы алғы сөзінде ғылым мен техниканың өміріміздегі маңыздылығын атап өтті. Ғылыми жұмыстар мен халықаралық байланыс жөніндегі проректор, кафедра меңгерушілері мен студенттер баяндамаларында ғылымның техникаға, материалдық өнідіріске және бәсекеге қабілетті маманның қалыптасуында маңызды рөл атқаратындығы, сондай-ақ, атап айтқанда, ғалымдар, зерттеушілер мен ғылыми қызметкерлер Қазақстанның дамуына шешуші үлестерін қосулары үшін уақыт келгендігі аталып өтілді.
Ғылым Күні аясында институттың жетекші және жас ғалымдары ғылыми – зерттеу саласындағы жетістіктері үшін, басылымдағы белсенділіктері мен ғылыми-инновациялық зерттеулер саласында мектептермен нәтижелі қызметтестіктері үшін марапатталды.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған жыл сайынғы өткізілетін әлеуметтік-гуманитарлық және жаратылыстық ғылымдар бойынша студенттер арасындағы инновациялық жобалары конкурсына студенттер белсене қатысып, сол күні конкурс қорытындылары шығарылды.
Конкурс жеңімпаздары сыйлық ақылар мен диплом иегерлері атанып, ең үздік жобалар «Семей мемлекеттік педагогикалық институты Хабаршысы» ғылыми журналында басылып шығарылуға ұсынылды.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған қазақстандық ғылым мен педагогикалық институт ғалымдары жетістіктерінің көрмесі өткізілді. Ғылыми-зерттеу орталықтары өздерінің ғылыми-әдістемелік қызметтерімен таныстырып, «Ғылым мен инновация» тақырыбында институттың ғылыми-зерттеу жұмысы жайлы презентация ұсынылды.

|