
|
Тәуелсіз еліміз егемендігін алып еркін тынысталғалы бері өзіміздің елдігімізді дәріптеп, ұлттық құндылықтарымызды жария етіп, қоғам өмірінің барлық жақтарында көптеген мүмкіншіліктерге ие болдық. Тіліміздің абыройын асқақтаттық, діліміздің мерейін үстем еттік, қазақилығымызды өскелең ұрпақ бойына толығымен дарытудамыз.
Сонымен қатар ел болып еңсеміз көтерілгелі бері дініміздің діңгегін мықтап бекітіп, мұсылмандығымызды мақтанышпен айту мүмкіндігіне ие болдық. Әр қазақ өз үйінде бес уақыт намазын оқып, қасиетті рамазан айында ауыз бекітіп ораза ұстауға толық құқылы. Мұсылман қауымына ортақ мерекені діни жоралғымен тойлау да бұрыннан бері ұлтымыздың қанына сіңісті дүние. Осындай діни мерекеміздің бірі – Қасиетті Құрбан айт мерекесі. Бұл үлкен діни мереке кезінде тәубеде жүрген әр мұсылман жағдайына қарай құрбандық шалып, дастархан жаяды.
Қараша айының жетісі күні бойына қазақилықты дарытқан, санасы сәулелі, ойы озат, жүрегі таза, ибалы да иманда жандар жиналған қара шаңырағымыз – Қазақ филологиясы факультетінде Қасиетті Құрбан айт мерекесіне үлкен дастархан жайылды. Ұстаздар қауымы құрбандық шалып, факультет студенттері дастарханды дәмді асқа толтырды.
Қазақтың қара домалақ ұлдарының қайсысы болмасын діннен сауаты болып, құранды қайыра білген емес пе? Сондай жаны таза, әр сөзін Алладан бастайтын иманды жігіттеріміздің бірі, Қ-313 топ студенті Байтабанов Мадияр құран оқыды. Шын пейілден жайылған дастарханнан факультетіміздің ақсақалы Қинаят Шаяхметұлы да дәм татып, асқа бата берді. Әр студенттің анасы саналатын факультет деканы Фарида Задақызы осындай игі істі ұйымдастыруға мұрындық болған Қазақ тілінің теориясы мен әдістемесі кафедрасына және кіші деканат мүшелеріне, факультет студенттеріне алғыс айтып, бейбіт заманда дінімізден безінбей, иманымызды күшейтіп, діни мерекемізге арналған ақ дастархан басына бір үлкен отау болып бас қосқан мұғалімдер мен студенттерге тілегін айтты.
«Иманды адам қашан да ибалы» демекші факультетіміздегі бұл игі іс-шараның жыл сайын дәстүрге айналатынына сенімдіміз.
|