ҚАЗ
РУС
ENG
СЕМЕЙ МЕМЛЕКЕТТІК ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ИНСТИТУТЫ
Талапкер 2012 Жаңалықтар Фотогалерея Электрондық тізімдеме Байланыстар Кесте "Ustaz-Semey"




















    Қараша айының он жетінші жұлдызында Семей мемлекеттік педагогикалық институтының Қазақ филологиясы факультетінің ұйымдастыруымен №3 оқу ғимаратында «Жастар – жаңа қоғам көшбасшысы» атты дөңгелек үстел өтті. Бұл шара білім ордамыздағы Жастар ісі жөніндегі комитетінің  ұйымдастырған студенттік апталық аясында өтті. Айтулап белгілегендей, аталған игі жиынның өткен күні халықаралық студенттер күнімен тұспа-тұс келді.
    Өзін-өзі басқару органдары мен ұйымдардың жұмысын әрі жастар саясатының қоғамда алар орнын айқындау мақсатымен ұйымдастырылған дөңгелек үстелдің модераторы – Семей мемлекеттік педагогикалық институтының тәрбие бөлімінің маманы Үмбетаев Шыңғыс Амантайұлы болды.
    Жүрек дүрсілі «қазақ» деп соғып, «көздерінде от ойнап, сөздерінен жалын шашып тұрған» қазақ жастары жиналған шараның алғы сөзін филология ғылымдарының докторы, профессор А.С.Еспенбетов сөйлеп, жастарға баталы сөзін арнады, өскелең ұрпаққа зор сенім білтіретіндігін тағы бір мәрте айтып өтті. Алғашқы  баяндаманы СМПИ жастар ісі жөніндегі комитет төрайымының орынбасары Малгаждаров Мирас оқыды, баяндамасының тақырыбы – «Қазақстан дамуындағы жастардың үлесі». Қызықты етіп, жақсы да нақты деректі мәліметтер келтіре жазылған баяндама төңірегінде дөңгелек үстелге жиналғандар баяндамашыға жастар саясаты жөнінде біршама сұрақтар қойып, өзара пікірлерін де алмасты. Қазақ филологиясы факультетінің Қ-213 топ студенті Төлеуова Мөлдірдің «Қазақстандағы жаһандану жастары» тақырыбында оқыған баяндамасы жиылғандарды әсіресе қызықтырды. Міне, осы тұста өскелең ұрпақ тәрбиесі, бүгінгі күнгі жастардың мәдениеті, ұлтжандылығы мен ұлттық құндылықтарымызға деген құрметі мен жастар санасының батысшылданып бара жатқандығы турасында қызу пікір алмасу болды. Дөңгелек үстелдің жанданған тұсы да осы еді. Мөлдірдің ойын ары қарай өрбітіп әкеткен келесі баяндамашы Қазақ филологиясы факультетінің Қ-413 топ студенті Ісбек Берікқан «Жастар және қазақ мәдениеті» тақырыбында ой қозғады. Қазақтығымыздың, қазақы мәдениетіміздің бүгінгі көрінісі қандай, ертеңгі тағдыры не болмақ деген сұрақ дөңгелек столға жиналғандардың барлығының көңіл алаңдатар ойы болса керек, бұл тақырыпқа да жастардың айтары мен қосары көп болды.
    Дөңгелек үстелге тек Қазақ филологиясы факультетінің студенттері ғана емес, институтымыздағы жастар ұйымының көшбасшылары мен белсенді мүшелері,  СМПИ жастар ісі жөніндегі комитет өкілдері, Баспасөз клубының мүшелері, басқа факультеттердің студенттері мен аға кураторлары да қатысып, өз ойларын ортаға сала отырды. 
Бүгінгі жастар жаппай жаһанданып, заман ағымымен батысқа еліктеп кетпегенін, ұлттық құндылығымызды дәріптейтін, қазақтығымызды асқақтатып, мақтан етер жастардың барын осындай алқалы жиындардан да байқауға болады. Бойынан қазақылық аңқып тұрған, тілміздің тұғырын көтеріп, ел болашағы үшін аянбайтын жас жігіттеріміз бен елім деп еміренген аруларымыз бар және олар біздің өз ортамызда. Біздің жаңа қоғамды алға ілгерілетер тек қана жастар. Қазақтың мәдениетінің де, рухани байлығының да болашағы қазақ жастарының тізгінінде екенін бұл ұйымдастырылған дөңгелек үстел тағы да  бір мәрте дәлелдеді.