
|
2011 жылы 15 қаңтарда, Семей мемлекеттік педагогикалық институтының бас ғимаратында, ұлағатты ұстаз, белгілі өлкетанушы ғалым, қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Мұхтарбек Қарпықұлы Кәрімовтың 60 жылдық мерейтойына арналған «ШЕЖІРЕЛІ ӨЛКЕ ТАРИХЫ: ТЫҢ ДЕРЕКТЕР, ЖАҢА ҰҒЫМДАР ЖӘНЕ СОНЫ ЗЕРТТЕУЛЕР» аймақтық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.
Аймақтық конференцияны ұйымдастыруға Семей мемлекеттік педагогикалық институтымен бірге, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы, Семей облыстық тарихи өлкетану мұражайы және Шығыс Қазақстан облысының қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы кең ат салысты.
Конференцияға еліміздің көрнекті тарихшы-ғалымдары, Жоғарғы оқу орындарының, колледждердің, қала мектептерінің оқытушылары, студенттер, қала жұртшылығының өкілдері қатысады.
Конференцияның басты мақсаты - білім мен ғылым саласында өзіндік нық орны бар ұлтжанды азаматқа құрмет көрсете отырып, еліміздің шығыс аймағының терең иірімді тарихын бүгінгі күн тұрғысынан зерделу болып табылады.
Кәрімов Мұхтарбек Қарпықұлы 1951 жылы қаңтар айының 15 күні Семей облысы, Ақсуат ауданыныңда (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы) дүниеге келген.
Ақсуат ауданы, Қызылкесік ауылындағы С.М. Киров атындағы (қазіргі Би Боранбай атындағы) орта мектепті бітіргеннен кейін, С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің Тарих факультетіне тарих мамандығы бойынша оқуға түсті.
Алғашқы еңбек жолын Қаз ССР-і Орталық мемлекеттік мұрағатының ғылыми қызметкерліктен бастады.
Мұхтарбек Қарпықұлы әр жылдары Семей қаласындағы жоғарғы өқу орындарында басшылық қызметте болды.
2000 жылдан бастап академик Манаш Қозыбаев атындағы тарихи зерттеулер ғылыми орталығының басқарып келеді. Ол жетекшілік жасап отырған ғылыми орталық алыс жақын шет елдердегі ғылыми орталықтармен тығыз байланыста.
1975-2010 жылдар аралығында оның ізденістерінің нәтижесінде 120-ға жуық ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектері жарық көрген.
Мұхтарбек Қарпықұлының білім, ғылым, тәрбие және қоғамдық жұмыстар саласындағы көп жылғы жемісті еңбегі жоғарғы оқу орындары, қала, облыс және республикалық деңгейде жоғары бағаланды. Ол білім беру саласындағы нәтижелі еңбегі үшін «Қазазқ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» төсбелгілерімен, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің «Құрметті қызметкері», «Семей мемлекеттік педагогикалық институтына 75 жыл» медальдарымен және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» және Семей облыстық «Білім» қоғамының «Құрмет грамотасымен» марапатталған.
|