
|
Семей мемлекеттік педагогикалық институтының «Музыкалық білім» кафедрасы 1-қазан Халықаралық музыка күні қарсаңында және Қазақстан Республикасының егемендігіне 20 жылдығына арнап, қыркүйек айының 26-29 күндері аралығында «Музыка апталығын» өткізді.
«Музыкалық білім» мамандығында оқитын студенттер және осы кафедраның тәжірибелі ұстазы Гүлбаршын Қайдарованың жетекшілігімен қаламыздығы қарттар үйінде 26-қыркүйекте өткен концерт «Музыка апталығының» беташары болды. Әсіресе мың бұралған бишілердің биі қариялардың көңілінен шығып, «Қара жорғаға» құлшына қосылды. Қарттар үйінің басшылығы кафедра ұжымына алғыстарын білдіре отырып, болашақта тығыз байланыс орнату тұралы ұсыныс жасады.
Музыка апталығының келесі күні 27-қыркүйекте П-443, П-444 топ студенттері куратор О.А.Ковешникованың жетекшілігімен қайырымдық акциясы аясында №8 Балалар үйінде концерт берді. Балалар үйінің бүлдіршіндері концерттік қойылымды тыңдау барысында белсенділік танытып, зор ықылас білдірді. Тәрбиешілер мен ұстаздар қауымы ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Қыркүйектің 28 күні институттың кітапхана ұжымы «Музыка апталығына» өз үлестерін қосып, №2 ғимараттағы оқу залында музыкалық әдебиеттерден ғылыми-әдістемелік көрме ұйымдастырды. Сонымен қатар П-443 топ студенттері кураторы Ж.Н.Айтжановамен 28 қыркүйек күні классикалық шығармалардан лекция-концерт ұйымдастырды. Бұл мәдени шарада студенттер әртүрлі жанрда өздерінің шығармашылық шеберліктерін көрсете білді. Кафедра оқытушылары мен студенттері Қазақстан сазгерлері Л.Хаимди, А.Жұбановтардың және шетел сазгерлері И.С.Бах, Д.Верди, Г.Гендель, Ф.Шопеннің шығармаларын орындап, көрермендер қошеметіне бөленді.
Бір аптаға созылған «Музыка апталығы» 29-қыркүйекте институтымыздың бас ғимаратындағы акт. залында кафедраның аға оқытушылары Ф.М.Нурбаева мен А.Т.Бейсенбеков ұйымдастырған Семей қаласының өнер қайраткерлерімен кездесуімен тәмәмдалды.
Осы ұйымдастырылған мәдени іс-шара көпшіліктің көңілінен шығып, институт студенттеріне рухани тәрбие беріп қана қоймай, музыка өнеріне деген қызығушылығын және талғамын арттырды.
|