
|
Семей мемлекеттік педагогикалық институты қазақ филологиясы факультетінің ұйымдастыруымен 31 мамыр күні сағат 11.00-де Қайым Мұхамедхановтың ескерткішінің басында саяси қуғын–сүргін құрбандарын еске алу іс-шарасы өтті.
Аталмыш шараға қазақ филология факультетінің студенттер және оқытушылар құрамы белсенді қатысты. Шара барысында факультеттің құрметті профессорлары А.С. Еспенбетов, Б.А. Ерденбековтер сөз сөйлеп, студент жастарға атаулы күннің маңыздылығы және тарих бетт ерінде алтын әріптермен жазылатындығы туралы баса назар аударып айтты. Сонымен қатар жиылған қауым – жұртым деп жазықсыз жапа шеккен, қуғын-сүргін құрбандарын, алаштың ардақты азаматтарын 1 минут үнсіздікпен еске алды.
Елімізде сталиндік зобалаңның кесірінен қуғын – сүргінге ұшырағандар жайлы аз жазылған жоқ. Ресми деректерге қарағанда қуғын-сүргін жылдары 100 мыңнан астам қазақстандық лагерь азабын тартып, олардың 27 мыңы атылған болса, бұл санаққа енбей қалағаны қанша екені белгісіз. «Бес арыс», «Үш бәйтерегіміздің», бұдан өзге елім деп еңіреп, солақай саясаттың құрбаны болған барша азаматтардың есімдері бүгінгі ұрпақ үшін қашан да биік. Солардың ішінде еліне еңбегі сіңген, саясат құрбаны болып, жазықсыз 25 жыл бас бостандығынан айырылған, жерлесіміз Семей мемлекеттік педагогикалық институты, филология факультетінің түлегі, абайтанушы, ғалым Қайым Мұхамедханов та бар еді. Қайым Мұхамедхановтың 95 жылдық мерейтойы биыл тәуелсіздігіміздің 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. .jpg)
Тәуелсіздік таңы атып, егемен ел болғалы халқымызға қуаныш сыйлаған заңдар аз қабылданған жоқ. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арнайы жарлығымен 1997 жылы жалпы ұлттық татулық пен саяси қуғын – сүргін құрбандарын еске алу жылы болып жариялануы соның бір белгісі. Мұндағы басты мақсат сырға толы тарихымыздың қойнауына тереңірек үңіліп, шаң басқан құжаттарды зерделеу. Ұзақ жылдар бойы «үнсіз» жатқан тарихи құндылықтарды жарыққа шығарып жас ұрпаққа жеткізу, көп ұлтты республикамыздағы қоғамдық – саяси тұрақтылықты нығайту болып табылады.
Саяси қуғын–сүргін кезіндегі тұтқындардың ерлігі мен ерекшелігі сонда – олар адам айтқысыз қиындыққа қарсы тұра білді, сұмдық әділетсіздікке төзе білді. Елім деп өткен кешегі ел азаматтарының есімі қашан да ел жүрегінде болатыны айқын!
Институтттың баспасөз қызметі
|