
|
Семей мемлекеттік педагогикалық институтында 2011 жылдың 23-25 қарашасында «Жаһандану жағдайында студент жастар бойында азаматтылық қалыптастыру» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция институттың серіктестері Рэдинг университеті (Ұлыбритания), Питтсбург мемлекеттік университеті (АҚШ), Джионгсанг ұлттық университеті (Оңтүстік Корея), Томск мемлекеттік университеттерімен (Ресей) бірлесе ұйымдастырылды.
Конференцияда қазіргі таңдағы өзекті мәселелер «Жаһандық өзгерістердегі жастар бейнесі», «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты», «Қазақстандық патриотизм және ұлтаралық келісім тарихи-мәдени құндылық ретінде», «Қазақстандық патриотизм қалыптастырудың инновациялық жолдары», «Жастар ортасындағы экстремизмнің алдын алу» бағыттары бойынша қарастырылды. Қазақстанның Астана, Алматы, Павлодар, Өскемен, Семей және Ресейдің Мәскеу, Ростов-на-Дону, Новосибирск, Бийск, Барнаул қалаларының ғалымдары мен оқытушыларынан, жоғары оқу орындары, колледж, мектептерде тәрбие ісімен айналысатын қызметкерлер, тәлімгерлерден 200-ге жуық ғылыми мақаланың келіп түскендігі – аталмыш тақырыпқа деген қоғам қызығушылығының нақты көрінісі.
Конференцияның баяндамашылары «Қазақстанның болашағы – жастардың» бойында азаматтылық қалыптастырудың әртүрлі жолдары мен тәсілдерін көрсетіп, Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Біздің жастарымыз Отанға адалдық пен оны қорғауға әзір болуы жөнінен бабаларынан және аталарынан өнеге алса игі» деген пікірін толық қолдайтынын тілге тиек етті. Сонымен бірге қазіргі аумалы-төкпелі заманда ұлт ретінде сақталу, көпұлтты мемлекетіміздегі татулықтың баянды болуы сияқты мәселелер көтеріліп, нақты мысалдармен дәйектелді.
Қорытынды пленарлық мәжілісте конференцияда талқыланған мәселелерге байланысты арнайы ұсыныстар қабылданды. «Біз үшін қазіргі ең маңызды міндет – қазақстандықтар бойына ортақ отан сезімін сіңіру» деген Елбасы сөзі конференцияға қатысқан әрбір азаматтың жүрегінде кетті.
|